Көлік полицейлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан әріптестерін еске алды
Көлік полицейлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан әріптестерін еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция депаратаментінде Қазақстан полициясы күнін атап өтуге арналған салтанатты іс-шара қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза болған қызметкерлерге арнайы орнатылған «Мәңгілік ұмытылмас есімдер» тақтасына гүл шоқтарын қоюмен басталды. Мерекелік іс-шараға департамент басшылығы мен жеке құрамы, ІІО-ның ардагерлері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетілімді оркестрі қатысты.
– Біз Қазақстан полициясының тарихымен, оның дәстүрлерімен, жас буынға баға жетпес білім мен тәжірибе қалдырған ардагерлеріміздің өнегелі еңбек жолымен мақтанамыз. Сондай-ақ бұл күні қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан әріптестерімізді еске аламыз. Олардың ерліктері біз үшін Отанды сүю мен антқа адалдықтың айнымас үлгісі болып қала береді, – деді департамент бастығының міндетін атқарушы Мадияр Айтуғанов.
Бұдан соң ол қаза тапқан қызметкерлерді еске алуға арналған бір минуттық үнсіздік жариялады.
– Бүгінгі күні жеке құрам өзінің күнделікті қажырлы еңбегі және батыл іс-әрекеттерімен департаменттің абыройын арттырып жүр. Еліміздің көлік полицейлері алдағы уақытта өздерінің барлық күш-жігерін заңдылықты сақтауға, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсайды деп сенемін, – деді Мадияр Айтуғанов.
Ол әріптестеріне амандық, отбастарына бақыт, жауапты қызметтеріне сәттіліктер тіледі.
Мерекелік іс-шара барысында ІІО ардагерлері де сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Қазақстан полициясы күнін мерекелеуге байланысты ҚР ІІМ-нің және департаменттің бұйрықтарымен өз қызметтік міндеттерін адал атқарғандары және қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендері үшін 170-ке жуық қызметкерге грамоталар мен алғыс хаттар табысталды.
Оның ішінде Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының қызметкері Мәди Төлебай да бар. Ол 19 маусымда Ақордада өткен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды марапаттау рәсіміне қатысып, “Ерлігі үшін” медалімен мараппаталған болатын.
– Ел Президентінің марапаты – тек маған ғана емес, бұл бүкіл ішкі істер органдары саласының жұмысына берілген баға деп есептеймін. Бұл үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта да бойымдағы барлық білім-біліктілігімді Мемлекет басшысы мен халықтың сенімін ақтауға жұмсаймын, – дейді Мәди.
Іс-шара барысында екі полиция қызметкерін зейнеткерлікке шығарып салу рәсімі жасалды. Көлік сақшылары лайықты демалысқа шыққан әріптестеріне кәсібилігі мен мамандыққа адалдықтары үшін алғыстарын білдірді.