Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері шетелдіктің бағалы заттары мен ақшасы салынған жоғалған сөмкесін тауып берді

Көлік полицейлері бағалы заттармен қоса үлкен сомадағы ақша салынған жоғалған сөмкені иесіне тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz

Астана-Алматы бағытындағы пойыздың жолаушысы өз салғырттығының кесірінен 6 мың АҚШ долларын жоғалтып алды.

Осы жылдың 11 желтоқсанында “102” пультіне Александр Масленников есімді Ресей Федерациясының 37 жастағы азаматы бағалы заттары мен ақша салынған рюкзагын тауып беруді өтініп, көмек сұрады.

Ер адам сағат 20.15 шамасында жұбайымен бірге Алматы қаласына бару үшін Астана-1 теміржол вокзалына келеді. Вокзалға кіре берісте тексеруден өтіп, асығыс қол жүгін ұмытып, жоғалтқанын түсіндірді. Рюкзактың жоғалғанын пойызбен кетіп бара жатқанда ғана байқаған.

Оның айтуынша, жасыл түсті рюкзакта ақшадан басқа құны шамамен 400 мың теңге болатын алтын бұйымдар және 2 ноутбук болған.

Арыз түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері қажетті іздестіру іс-шараларын дереу қолға алды. Тәртіп сақшыларының ыждахатты жүргізген жедел әрекеттерінің нәтижесінде рюкзак табылып, ішіндегі барлық заттарымен бірге иесіне қайтарылды.

Өз кезегінде шетелдік азамат Қазақстанның көлік полицейлеріне өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарғандығы үшін зор алғысын білдірді.

Көлік полицейлері елдің әуе және теміржол көлігі нысандарында адамдардың көп жиналатынын тағы да еске салады, осыған байланысты жолаушыларды жеке және құнды заттарына мұқият болуға, оларды қараусыз қалдырмауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру