Көлік полицейлері Шымкент тұрғынының қомақты қаржысы бар әмиянын тауып берді
Көлік полицейлері Шымкент тұрғынының қомақты қаржысы бар әмиянын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 сәуірде Шымкент станциясындағы желілік полиция бөліміне Шымкент қаласының 27 жастағы тұрғыны Динара Розакулова арызданды.
Ол өз арызында 24 сәуір күні түнгі сағат 03:00 шамасында Шымкент қаласының әуежайының әжетханасында ішінде 700 мың теңге және 50 АҚШ доллары салынған әмиянын қалдырып кеткендігі және есіне түсіп қайта барса қойған жерінде жоқ екенін айтып, көмек сұраған.
Шымкент қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері дереу жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, аталған азаматшаның ақшасын толықтай тауып, иесіне қайтарды. Қаражатын жоғалтып, уайымға салынып отырған жолаушы өз заттарын қысқа мерзімде тауып берген антына адал көлік сақшыларына алғысын білдірді.