Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері студенттер арасында киберқылмысқа қарсы профилактикалық іс-шара өткізді

Көлік полицейлері студенттер арасында киберқылмысқа қарсы профилактикалық іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көліктегі полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері Көлік және коммуникациялар жоғары колледжінің студенттері арасында құқықтық және цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. Бұл іс-шара "Заң және тәртіп" қағидасы аясында өтті.

Кездесудің басты мақсаты – қаржылық сауаттылықты арттыру және киберқылмыстың алдын алу, жастардың құқықтық санасын қалыптастыру және азаматтарды құқыққа қарсы қызметке тарту тәуекелдерін төмендету. Кездесу барысында полицейлер киберқылмыстың негізгі түрлерін, интернет желісінде жиі кездесетін алаяқтық схемаларды, сондай-ақ жеке деректер мен қаржылық ақпаратты қорғау тәсілдерін түсіндірді. Сонымен қатар дроппер ретінде заңсыз әрекеттерге қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік мәселесіне ерекше назар аударылды.

Студенттердің алдында сөз сөйлеген Көліктегі ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Руслан Құрманов киберқылмыстық схемаларға, оның ішінде дроппер ретінде қатысудың қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін баса айтты. Ол соңғы уақытта киберқылмыскерлер жастарды оңай табысқа уәде беріп, заңсыз әрекеттерге жиі тартып жатқанын жеткізіп, студенттерді сақ болуға, осындай ұсыныстарға ермеуге шақырды.

Студенттерге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабында көзделген дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік туралы жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, қылмыстық мақсатта банк шоттарын және төлем құралдарын беру, пайдалану немесе рәсімдеу заңмен қатаң жазаланатыны айтылды.  Полицейлердің айтуынша, заңды білмеу азаматтарды жауапкершіліктен босатпайды. Профилактикалық іс-шара ашық диалог форматында өтті. Студенттер белсенді түрде сұрақтар қойып, алаяқтық ұсыныстарды анықтау және цифрлық кеңістікте қауіпсіз мінез-құлық сақтау бойынша практикалық кеңестер алды.

Р.Құрманов атап өткендей, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл қызметкерлерінің кешенді жұмысы профилактикалық іс-шараларды және жедел іс-қимылдарды қамтиды. Атап айтқанда, SIM-box құрылғыларын заңсыз пайдаланғаны үшін үш қылмыстық іс қозғалды, интернет желісінде құқыққа қайшы әрекеттер жасау үшін пайдаланылған 900-ден астам сайт бұғатталды. Оның айтуынша, мұндай шаралар киберқылмыс қаупін жүйелі түрде азайтуға және барлық азамат үшін цифрлық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында студенттерге интернеттегі қауіпсіздік жағдайы және пайдалы байланыстар бойынша практикалық ұсыныстары бар жадынамалар табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру