Көлік полицейлері теміржол нысанында заңсыз жұмыс істеген шетелдік азаматты ұстады
Көлік полицейлері теміржол нысанында заңсыз жұмыс істеген шетелдік азаматты ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
13 тамызда Астана станциясындағы желілік полиция басқармасының қызметкерлері 29 жастағы шетел азаматын анықтап, ұстады. Ол Астана станциясының локомотив депосы аумағында тиісті рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асырған. Құқық бұзушы жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен Қазақстан Республикасынан шығарылды. Сондай-ақ оған еліміздің аумағына 5 жыл мерзімге кіруге тыйым салынды.Сонымен қатар қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып шетелдік азаматты жұмысқа тартуға жол берген жұмыс беруші де заңға сәйкес жазаланды.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері көліктегі ПД миграциялық қызметі 2726 шетелдік азаматты жауапкершілікке тартты. Олардың 2283-і Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібін бұзған. Сот шешімімен 443 құқық бұзушы елден шығарылды.
Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту фактілерін анықтау барысында заң талаптарын бұзған 12 жұмыс беруші жауапқа тартылды.