Көлік полицейлері темір жол қызметкерінен тыйым салынған аудио дәрістерді анықтады
Көлік полицейлері темір жол қызметкерінен дәстүрлі емес ислам идеяларын жариялайтын аудио дәрістерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Көлік полицейлері «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізу кезінде 36 жастағы ер азаматтан әлеуметтік желіде дәстүрлі емес ислам идеяларын насихаттаған аудио дәрістерді сақтау фактісін анықтады, – деді Көліктегі полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Әлімов.
Оның айтуынша, тексеру барысында аталған азаматтың теміржол ұйымдарының бірінде жұмыс істейтіндігі белгілі болды. Сондай-ақ, дінтану сараптамасының нәтижелері бойынша аудиожазбаның Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынғаны анықталды.
Жамбыл облысы Шу аудандық сотының шешімімен жоғарыда аталған құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК 453-бабының 3-бөлігімен, яғни Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездікке табынуды, зорлық-зомбылық пен порнографияны насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталған мәліметтер мен материалдарды қамтитын бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін Қазақстан Республикасының аумағында сақтау бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.