Көлік полицейлері теміржол бойында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады
Көлік полицейлері теміржол бойында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың 10 айында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 560-бабының 1-бөлігінде көрсетілген теміржол көлігін пайдалану қағидаларын бұзудың 3 769 фактісін анықтады.
Осындай құқық бұзушылықтарға жүк пойыздарында заңсыз жүру, пойыз қозғалған кезде адамдарды отырғызу немесе түсіру, вагондардың төбесінде немесе тепкіштерінде жүру, сондай-ақ пойызды заңсыз тоқтату жатады.
Мысалы, Ақмола облысының Аршалы станциясында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері 8, 10 және 11 жастағы үш баланы жүк пойызынан түсірді. Тексеру барысында анықталғандай, балалар Астана станциясында қызығушылықпен бос вагонға мініп, ондаған шақырым жол жүріп кеткен. Бақытымызға орай, полиция департаментінің қырағылығының арқасында балалар дер кезінде табылып, қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін болды.
Кәмелетке толмағандардың ата-аналары теміржол көлігін пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар олар балаларын қараусыз қалдырғаны және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін де жауапқа тартылады.
Көліктегі полиция департаменті ата-аналарға ескертеді: балаларды бақылаусыз қалдыру олардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ басқа азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
						