Көлік полицейлері теміржол қауіпсіздігін бұзған азаматтарды жауапқа тартты
Көлік полицейлері теміржол қауіпсіздігін бұзған азаматтарды жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Темір жолды белгіленбеген жерден кесіп өткендері үшін шамамен 42 мың адам жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуінің 1585 дерегі тіркелді. Оның 293-іне адамдардың жолда болуы, 1246-сына үй жануарлары және басқа да себептер түрткі болған. Темір жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 41 881 адам жауапкершілікке тартылды.
Оқиғалардың алдын алу мақсатында көліктегі ПД қызметкерлері темір жол өкілдерімен бірлесіп тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, темір жолда жарақат алу жағдайлары әлі де орын алуда. Оқиғалардың басты себебі – қауіпсіздік талаптарын елемеу және тыйым салынған жерден жолды кесіп өту әрекеті.
Соңғы тәулікте Қызылорда және Жетісу облыстарында екі факті тіркелді. Екі жағдайда да адамдар рұқсат етілмеген жерден өтпек болған. Машинистер дер кезінде әрекет етіп, қайғылы жағдайдың алдын алды. Көлік полицейлері құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартты.
Теміржол – аса қауіпті аймақ, онда кез келген ережені бұзу қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Көлік полицейлері жолды кесіп өту тек арнайы жабдықталған жерлерде ғана рұқсат етілетінін ескертеді.
