Көлік полицейлері теміржол қауіпсіздігін бұзғандарды жауапқа тартты
Көлік полицейлері теміржолдағы қауіпсіздік ережесін бұзғандарды жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері көліктегі полицейлер теміржол жолақтарын белгіленбеген жерден кесіп өткен 37 мыңнан астам жүргізушіні анықтады. Мұндай құқық бұзушылықтар қайғылы оқиғалардың басты себептерінің бірі болып отыр.
Мәселен, осы жылдың тоғыз айында пойыздардың 1441 рет шұғыл тежелу жағдайы тіркелді. Оның 274-інде азаматтар қауіпсіздік ережесін сақтамай, теміржол бойында жүрген. Ал 1127 жағдайда үй жануарлары және басқа да кедергілер себеп болған. Халықпен тұрақты түрде жүргізіліп жатқан алдын алу шараларына қарамастан, жарақат алу жағдайлары әлі де жалғасуда.
Белгіленбеген жерден өту, мас күйде болу, сондай-ақ қауіп-қатері жоғары аймақта қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеу қауіп-қатердің негізгі факторы.
Өткен демалыс күндері Астана, Тараз, Қызылорда және Шымкент станцияларында бес бірдей қауіпті жағдай тіркелді. Барлық оқиғада азаматтар теміржолды белгіленбеген жерлерден кесіп өткен. Машинистер жедел әрекет етіп, қайғылы жағдайдың алдын алды. Барлық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.
Көлік полицейлері мен теміржол мекемелері бірлесіп, халық арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Алайда қауіп-қатерді түбегейлі азайту тек азаматтардың қауіпсіздік ережелерін саналы түрде сақтауына байланысты.
Полицейлер теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін елемеу өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін екенін еске салады.