Көлік полицейлері теміржолдағы қауіпсіздікті еске салады
Көлік полицейлері теміржолдағы қауіпсіздікті еске салады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов азаматтарды теміржол көлігі нысандарында тәртіп ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Ол теміржолдың аса қауіпті аймақ екенін және белгіленген ережелерді елемеудің қайғылы жағдайларға әкелетінін еске салды.
Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Көліктегі ПД қызметкерлері белгіленбеген жерлерден теміржол төсемін кесіп өткені үшін 12 879 азаматты анықтап, жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар жыл басынан бері ел аумағында поездардың шұғыл тежелуінің 333 фактісі тіркелген. Оның ішінде 248-і теміржолда жануарлардың жүруімен, 71-і адамдардың болуымен байланысты болған.
Жылжымалы құрам астына абайсызда 19 адам түскен, оның 9-ы қайғылы жағдайда көз жұмған. Теміржол бойында жүргізілген профилактикалық іс-шаралардың арқасында балаларға қатысты оқыс оқиғалар болмаған. Алайда жақында Шымкентте теміржол құрбаны бола жаздаған екі оқиға тіркелді. Екі адам да теміржол төсемін белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған, бірақ поездың дер кезінде тоқтап үлгеруі арқасында қайғылы жағдай болмады. Дегенмен, құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды.
Бұл жағдайлар теміржол нысандарында жүрген кезде қауіпсіздік ережелерін сақтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Құрмет Мәжікеновтың пікірінше, көлік полицейлері азаматтарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады:
- Қозғалып бара жатқан поездарға жақындамаңыз.
- Вагондарға немесе платформаларға мінуге әрекет жасамаңыз.
- Балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқын қадағалап, оларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріңіз.
Өзіңізге және жақындарыңызға қамқорлық жасаңыз. Қауіпсіздік ережелерін бұзу – құқық бұзушылық қана емес, ол сіздің өміріңізге қауіп төндіреді.