Көлік полицейлері терроризм туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілікті еске салды
Көлік полицейлері терроризм туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілікті еске салды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша 64 деректі тіркеді.
Әуе және теміржол көлігі нысандарында әзіл ретінде жасалатын мұндай хабарламалардың жиілеп кетуі алаңдаушылық туғызуда. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 40 адам анықталып, ұсталды.
Мысалы жуырда Ақтөбе қаласының әуежайында болған оқиға кезінде жергілікті тұрғын пошта бөлімшесі арқылы сәлемдеме жөнелту барысында тыйым салынған заттардың бар-жоғы туралы қойылған сұраққа әзілмен "бомба бар" деп жауап берген. Тексеру барысында жарылғыш зат табылған жоқ. Алайда бұл әрекетке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
Полицейлер азаматтарды мұндай мәлімдемелердің салдарын салмақтап, олардың қаншалықты қауіпті екенін түсінуге шақырады. Бұл — тек орынсыз әзіл ғана емес, қоғам тыныштығына нұқсан келтіретін, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекет. Мұндай әрекеттер құқық бұзушының өзіне де, айналасындағыларға да айтарлықтай зиян келтіріп, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтырады.
Көлік полицейлері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін заңмен қатаң жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай іс-әрекет үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл салу, не осы мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, не бес жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сонымен қатар сот шешіміне сәйкес кінәлі тұлғалар жалған шақыртулар салдарынан жұмсалған шұғыл қызметтердің барлық шығындарын толық көлемде өтеуге міндеттеледі.