Көлік нысандарындағы қауіпсіздік: қандай заттарды алып жүруге болмайды?
Көлік полицейлері жүк тасымалдау талаптарын еске салады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әуе кемелерінде және пойыздарда кастеттер, пышақтар, электршокерлер, оқ-дәрілер, қару-жарақ, пиротехникалық бұйымдар және өзге де қауіпті заттарды тасымалдауға қатаң тыйым салынған. Алайда көліктегі полицейлердің тұрақты профилактикалық жұмысына қарамастан, азаматтар Қазақстан Республикасы аумағында айналымына тыйым салынған суық қаруға жататын заттарды кейде білместікпен сатып алып, тасымалдап жатады.
Бұл туралы Көліктегі ПД бастығының орынбасары Мәлік Қайбар хабарлады. Оның айтуынша, 2025 жылдың басынан бері Көліктегі ПД-да суық қаруды заңсыз алып жүру, сақтау және тасымалдау фактілері бойынша 496 қылмыстық іс тіркеліп, 133 құқықбұзушылық анықталған.
Мәселен, Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері Теміртау қаласының 30 жастағы тұрғынынан тегіс ұңғылы мылтық тапты. Сот құқықбұзушыға бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Алматы әуежайында 22 жастағы студенттен ұшу алдындағы тексеру кезінде 9×18 мм калибрлі патрон табылып, тәркіленді. Сот шешімімен оған тиісті шаралар қабылданды.
– Бұл фактілер рұқсат етілген құжаттары жоқ бір ғана оқ-дәрінің өзі заң бұзушылық болып саналатынын және ауыр салдарға әкелуі мүмкін екендігін көрсетеді, – деді М.Қайбар.
Еске саламыз, әуе және теміржол көлігі нысандарында тыйым салынған заттарды сақтау, тасымалдау және беру – құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілікке әкеп соғады. Осыған байланысты азаматтарды заңды қатаң сақтауға және барынша сақ болуға шақырамыз.
