Көлік полицейлері жаңа жыл алдында жолаушылар қауіпсіздігін күшейтті
Көлік полицейлері жаңа жыл алдында жолаушылар қауіпсіздігін күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана станциясындағы желілік полиция басқармасының қызметкерлері "Нұрлы жол" вокзал кешенінде, сондай-ақ Нұрлы жол – Алматы және Жезқазған – Астана бағытындағы жолаушылар пойыздарында жедел-алдын алу шараларын жүргізді.
Басты ұстаным – "Заң және Тәртіп" қағидаты. Әсіресе, бұл қағида қоғамдық тәртіпті сақтау арқылы мыңдаған жолаушылардың қауіпсіздігімен тікелей байланысты көлік нысандарында зор мәнге ие. Әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінуі тиіс. Осы мақсатта құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың қауіпсіздігін сақтау бағытында кешенді шаралар қабылданды.
Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Оңдасын Аштаев жаңа жылдық мереке күндері еліміздің барлық теміржол вокзалдары мен әуежайларында жолаушылар ағыны екі есе арта түсетінін атап өтті. Осыған байланысты көлік полициясының жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген тәртібіне ауыстырылды.
Полицей полковнигі теміржол вокзалдарына, әуежайларға, сондай-ақ пойыздар мен ұшақтарға қауіпті заттарды әкелуге қатаң тыйым салынғанын ескертті. Атап айтқанда, атыс қаруы мен оқ-дәрілер, пышақтар, электрошокерлер, отшашулар және басқа да пиротехникалық заттар өмірге және денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.
Іс-шара барысында көлік полицейлері жолаушылармен профилактикалық әңгімелер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ азаматтардан жеке мүліктеріне мұқият қарауды, оны қараусыз қалдырмауды сұрады.
Қызметтік-іздестіру иттерді қолдана отырып вагондарды патрульдеу және тексеру кезінде жолаушылар кинологиялық қызмет орталығының инспекторларының жұмысына түсіністік танытты.
– Пойыздардың жол жүру кезеңінде полиция қызметкерлерінің бізбен бірге жүруін құптаймыз. Бұл бізге тұрақты қауіпсіздік сезімін береді, – дейді жолсеріктер.
Еске саламыз: егер адам әуежайлар мен теміржол вокзалдарында, жолаушылар пойыздарында қылмыстың немесе басқа да құқық бұзушылықтардың құрбаны немесе куәгері болса, олар бұл туралы 8 (7172) 94-25-01 телефоны немесе 102 қызметі арқылы хабарлай алады. Азаматтардың қырағылығы мен полицияға дер кезінде хабарлауы құқықбұзушылықтың алдын алуға немесе қылмыстың ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді.
