Көлік полициясы азаматтарды теміржол бойында сақ болуға шақырады
Көлік полициясы азаматтарды теміржол бойында сақ болуға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері елімізде пойыздардың шұғыл тежеуінің 1170 жағдайы тіркелді. Оның ішінде:
242 дерек – теміржол бойында адамдардың болуы,
890 – үй жануарларының шығуы,
14 – автокөліктердің рельске шығуы,
20 – тоқтату кранын заңсыз жұлып алу,
4 – бөгде заттардың теміржолға қойылуы салдарынан орын алған.
Мәселен, 10 қыркүйек күні бір тәуліктің ішінде пойыздардың шұғыл тежеуінің 11 фактісі тіркелді. Бұл оқиғалар Шу, Өскемен, Павлодар, Алматы, Атырау және Қандыағаш станцияларында болды.
Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде профилактикалық шаралар өткізіп келеді. Есепті кезеңде полицейлер 9639 кездесу ұйымдастырып, жолаушылар пойыздарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді, оқу орындарында дәрістер оқыды. Бұл шараларда азаматтарға теміржолда жүрудің қарапайым қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Соған қарамастан, заң бұзушылықтар әлі де жалғасуда. Полицейлер теміржолды белгіленбеген жерлерден кесіп өтетін азаматтарды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартуда. Сондай-ақ балаларын қараусыз қалдырған ата-аналарға қатысты да тиісті шаралар қолданылуда. Нәтижесінде, биылдың өзінде 32 311 азамат белгіленбеген жерден өткені үшін әкімшілік жауапқа тартылды.
2025 жылдың 8 айында Қазақстан теміржолдарында пойыздың адамдарды басып кетуінің 49 дерегі тіркелді. Оның ішінде 23 адам қаза тауып, бірнешеуі ауыр жарақат алған. Сондай-ақ 4 жағдайда балалар зардап шеккен, оның біреуі қайғылы жағдаймен аяқталды.
Көптеген қайғылы оқиға азаматтардың абайсыздығы мен қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеуі салдарынан болып отыр. Өкінішке қарай, ата-аналардың жауапсыздығы балалардың өміріне де қауіп төндіруде.
Осыған байланысты көлік полициясы тағы да ескертеді: теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Жүріп келе жатқан пойыздың алдынан өтуге, рельс үстінде отыруға, балаларды қараусыз қалдыруға болмайды. Қарапайым ережелерді сақтамау орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.