Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полициясы "Заң мен Тәртіп" тақырыбында фотокөрме ұйымдастырды

Көліктегі полиция департаменті "Нұрлы жол" теміржол вокзалының күту залында "Заң мен Тәртіп" тақырыбында фотокөрме ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық санасын нығайту және оларды құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысуға ынталандыру. Сонымен қатар көлік полицейлерінің күн сайынғы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қажырлы еңбектерін айшықты фотосуреттер арқылы жұртшылыққа насихаттау.

- "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасы – қоғам тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізі. Бұл, әсіресе еліміздің теміржол және әуе көлігі нысандарында ерекше маңызға ие. Себебі мұнда құқықтық тәртіптің сақталуы мыңдаған адамның қауіпсіздігімен тікелей байланысты, – деді көліктегі ПД бастығының орынбасары Оңдасын Аштаев.

Көлік полицейлерінің міндеті – құқық бұзушылықтардың алдын алып, заң үстемдігін қамтамасыз етеді. Ақпараттық саясат басқармасының басшысы Ләззат Қасымжанованың айтуынша, көрмеге көлік полициясының қоғамдық тәртіпті сақтауынан бастап, ерлікпен жасаған жанқиярлық әрекеттеріне дейінгі сәттерді бейнелейтін 50-ге жуық фотосурет қойылған.

- Темірдей тәртіп пен табандылықты, тіпті ең қиын сәттерде басын бәйгеге тігуге дайын болуды талап ететін бұл қызмет әрдайым құрметке лайық. Ал ішкі істер органдары қызметкерлерінің ашықтығы, заңдылықты сақтауы, адалдығы мен отансүйгіштігі – халық сенімін нығайта түседі», – деді ол.

Расында, көрмеде тәртіп сақшыларының күнделікті қызметін шынайы бейнелейтін суреттер қойылған. Онда теміржол вокзалдары мен жолаушылар пойыздарын патрульдеу, қылмыстың алдын алу, сондай-ақ азаматтармен өзара әрекеттесу сәттері көрініс тапқан.

Бұған қоса, іс-шара барысында полицейлер жолаушыларға аса қауіпті аймақтарда жүріс-тұрыс ережелері жазылған буклеттер мен жадынамалар таратып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

"Заң және Тәртіп" фотокөрмесі – қоғамдық тәртіпті қорғау сапында жүрген азаматтарға деген құрметтің белгісі іспетті. Сондай-ақ аталмыш көрме полиция қызметкерлерінің қоғам мен мемлекет мүдделерін құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғау жолындағы маңызды миссиясын еске салды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру