Көлік полициясы заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған 5 астаналық тұрғынды ұстады
Көлік полицейлері көші-қон заңнамасының бұзылуы бойынша 2 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаменті қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзған 2438 шетелдікке қатысты әкімшілік шара қабылдады. Сот шешімімен олардың 815-і елден шығарылды, ал қос азаматтығы бар 334 адам анықталып, оларға қатысты тиісті шаралар қолданылды.
10 қазанда департаменттің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Астана станциясындағы желілік полициямен бірлесіп, заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған 5 астаналық тұрғынды ұстады.
Тергеу барысында олардың «Нұрлы жол» вокзалының халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы шетелдік азаматтарға заңсыз көмек көрсеткені анықталды. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда.