Көлiк құралын басқару құқығынан айырылған жүргiзушiге айыппұл салынды
Қызылордада көлiк құралын басқару құқығынан айырылған жүргiзушiге айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция қызметкерлері 29 қараша күні қызмет атқару барысында Қызылорда қаласы Амангелді көшесінде «Sang Yong» автокөлігін тоқтатқан.
Тексеру барысында 1988 жылы туған қала тұрғынының автокөлікті құжатсыз басқарғаны анықталды. Ол автокөлікті алкоголь ішіп, мас күйінде басқарғаны үшін сот шешімімен 2017 жылғы 21 желтоқсанда үш жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігімен (Көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы) әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды.
Қызылорда қаласы Мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен оған 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды.