Көлік сатып алмақ болған петропавлдық алаяққа алданып, 1 млн теңгеге жуық ақшасынан айырылды
Көлік сатып алмақ болған петропавлдық алаяққа алданып, миллион теңгеге жуық ақшасынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл тұрғындарын сан соқтырған интернет алаяқтар 98 бен 980 мың теңгені олжалаған.
Қала тұрғыны жиһаз сататыны жайлы интернетке хабарландыру орналастырған. Оған хабарласып, тиімді баға ұсынған, алдын ала төлем жасауға уәде берген. Сәтті жасалған мәмілеге қуанған әйел сақтық жайлы ұмытып, өзінің банк картасының нөмірі мен оның пин-кодын жайып салған. Киберқылмыскерлермен байланыс мұнымен тоқталмаған, жәбірленушінің шотынан 98 мың теңге қолды болған.
Интернеттегі хабарландыру бойынша көлік сатып алмақ болған қала тұрғыны он есе шығынға батқан. Ол алдын ала төлем ретінде ұсынылған шотқа 980 мың теңге ақша аударып, телефонмен сөйлесу кезінде оған айтқан аудан орталығы Сергеевкадағы Honda автокөлігін алып кетуге барған. Алайда жәбірленушіге иелерінің өздері мүлдем көрмеген шетелдік көлікті алып кетуге келгендердің алғашқысы емес екендігін айтқан.
Екі факті де ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді, полиция қызметкерлері барлық мән-жайды анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.
– Интернетте қаржы мәмілелерін жасау кезіндегі алдау желідегі алаяқтар арасында кең таралған. Көпшіліктен сақтық танытуды және қандай жағдай болмасын бөгде адамға пин-кодтар мен құпия сөздер, оның ішінде sms-хабарлама арқылы келетін бір реттік қол жеткізу коды сынды құпия деректеріңізді тапсырмауды естен шығармауды сұраймыз— деп хабарлайды СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Интернет арқылы ірі сауда жасамақ болған жағдайда, міндетті түрде жеке бейнешолуды талап етіңіз. Егер мәселе көлік сатып алу жайында болса, сатушыдан көлік немесе оның қандай да бір бөлшектерін, ал егер пәтер болса – жиһаздарын және тағы басқаларды толық суретке түсіруін сұраңыз. Алдын ала төлем жасауға келіспеңіз, егер сізге нақты тауарды ұсынғанына толық сенімді болмасаңыз ақша аудармаңыз.