«Көлік сатып алуға көмектесемін»: алаяқ семейлікті 4 млн теңгеге сан соқтырды
Алаяқ көлік сатып алуға көмектесемін деп семейлікті 4 млн теңгеге сан соқтырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Үлбі ПБ кезекші бөліміне Семей қаласының 38 жастағы тұрғыны арызбен жүгінген. Ол бейтаныс әйел аукцион арқылы Hyundai Tucson автокөлігін сатып алуға көмектесемін деген сылтаумен, алдап сенімін теріс пайдалана отырып, оның 4,2 млн теңге сомасындағы ақша қаражатын иемденгенін айтты.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады.
Ол облыс орталығының 35 жастағы жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Күдіктінің айтуынша, ақша қаражатын алғаннан кейін ол уәде еткен көлікті сатып ала алмаған, қолына түскен ақшасын өз мұқтаждықтарына жұмсап, өз үйін жөндеп, жаңа жиһаз сатып алған.
Ұсталған азамат кінәсін мойындаған.Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оның санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.