Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік тізгіндеу құқығынсыз рульде болған мас жүргізуші жауапқа тартылды

Петропавл полицейлері көлік басқару құқығынан айырыла тұра таныстарын тасымалдаған мас жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен жексенбі, облыста демалыс күндеріне енгізілген карантиндік шектеулер кезінде Петропавл қ. ПБ патрульдік полиция экипажының назарына Ахременко көшесі бойымен келе жатқан “ВАЗ-21053” көлігі ілікті. Автомашина ішінде бес адам отырған, олардың барлығы маскасыз болған. Полицейлер санитарлық нормаларды сақтау қажеттілігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізу үшін машинаны тоқтатады. Тексеріс кезінде 29 жастағы жүргізушінің үш жыл бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылғандығы анықталды. Айыру құқығының мерзімі биылғы жылдың тамызында аяқталуы тиіс болатын. Оның үстіне, медициналық куәландыру жүргізушінің алкогольдік масаң күйде екендігін көрсетті.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігі “Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру” бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Баптың санкциясы – бес жылға дейін бас бостандығынан не басқару құқығынан өмір бойына айыруды көздейді. Автомобиль алынып, айып тұрағына қойылды.

– Автокөлік басқару құқығынан айырыла тұра, рөлге отыратын автожүргізушілерге биылғы жылдан қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылғанын ескертеміз, – дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев. – Мас жүргізуші жол қозғалысының барлық қатысушыларының өмірі мен денсаулықтарына қауіп төндіреді. Полиция қызметкерлері масаң күйде көлік жүргізу фактілеріне жол бермеу үшін барлық шараларды қолданады.

СҚО-да жыл басынан ҚР ҚК 346-бабы бойынша 39 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру