Көлік тізгінін кәмелетке толмаған ұлына берген қызылордалыққа айыппұл салынды
Көлік тізгінін кәмелетке толмаған ұлына берген Қызылорда облысының тұрғынына айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде түнгі уақытта полицейлер кезекті рейд кезінде жеңіл автокөлікті тоқтатып, көлік тізгінінде жасөспірімнің отырғандығын анықтады. Тәртіп сақшыларымен жүргізілген тексеру барысында жасөспірімнің анасы ұлына көлік айдауға өзі рұқсат бергендігі белгілі болды.
Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ бола тұра көлік басқарғаны үшін құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама ресімделді. Сонымен қатар көлік құралын басқаруды құқығы жоқ адамға бергені үшін көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Соттың қаулысымен кәмелетке толмағанды әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға тартып, оны тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамаған жасөспірімнің анасы ҚР ӘҚБтК-нің 128-бабы 1-бөлігі және 127-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған айыппұл салынды.
Заңды өкіл мен жасөспірім ішкі істер органдарына профилактикалық есепке алынды.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларға жол ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.