Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік жүргізіп бара жатып телефонмен сөйлескен павлодарлық айыппұл арқалады

Павлодарда полицейлер жасырын патрульдеу кезінде көлік айдап бара жатқан жүргізушінің телефон пайдаланғанын анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі таңда көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлесу жүргізушілердің назарын алаңдатып, жолдағы қауіпсіздікке үлкен қатер төндіреді.

Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, көлік басқару кезінде қолмен ұялы телефон пайдалану қатаң түрде тыйым салынған. Себебі рөлде отырған жүргізушінің қолындағы смартфон бір сәтте қауіпті құралға айналуы мүмкін.

Жыл басынан бері облыс аумағында дәл осындай 216 құқықбұзушылық фактісі тіркелген.

- Мәселен Павлодар қаласындағы Торайғыров көшесінде жасырын патрульдің бақылауы барысында Lada Kalina автокөлігінің жүргізушісі көлік айдау кезінде ұялы телефон пайдаланғаны анықталды. Бұл жол ережесін бұзу фактісі бойынша оған 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік хаттама толтырылды, – дейді Павлодар облысының полиция департаменті.

Жасырын патруль жол қозғалысы ережелерінің барлық бұзушылықтарына назар аударады. Олардың қатарында бағдаршамның қызыл түсіне өту, рұқсат етілмеген жерден бұрылу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу сынды заңбұзушылықтар бар. Сондай-ақ патруль жүргізушілердің жолдағы әрекетіне мұқият мән беріп, жылдамдықты шамадан тыс арттыратын немесе мас күйінде көлік басқаратын тұлғаларды анықтауға көмектеседі.

Полиция департаменті жүргізушілерге көлік басқару кезінде телефонмен сөйлесу мас күйінде рөлге отырумен бірдей қауіпті екенін ескертеді.

"Заң және тәртіп" қағидаты ішкі істер органдарының басты ұстанымы болып қала береді. Ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтауға бағытталған. Құқық бұзушылар заң алдында жауап беретіні сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру