Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктегі ішкі істер органдарының ардагері марапатталды

Көліктегі ішкі істер органдарының ардагері марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов ішкі істер органдарының ардагері, милиция майоры (зейнеткер) Қожамберді Әбдімәлікұлы Дүйсенбаевпен кездесті.

Көп жылғы мінсіз қызметі, антқа беріктігі және құқық қорғау жүйесінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ардагерге "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері" төсбелгісі табысталды.

Мемлекеттік мерекемен құттықтаған Мадияр Айтуғанов Қожамберді Әбдімәлікұлының қызметке адалдығын, белсенді азаматтық ұстанымын және жас қызметкерлерді патриоттық рухта тәрбиелеуге, кәсіби тәжірибесімен бөлісуге қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ардагерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасы амандығын тілеп, құрмет белгісі ретінде естелік сыйлық табыс етті.

Қожамберді Дүйсенбаев 1951 жылғы 1 мамырда Қызылорда облысы Екпінді ауылында дүниеге келген. Ол ішкі істер органдарындағы еңбек жолын Қызылорда станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінде бастап, сержант шенінен милиция майорына дейін көтерілген. Қызметінің соңғы жылдарында оперативтік кезекші лауазымын атқарып, 1996 жылы зейнеткерлікке шықты.

Зейнет демалысына шыққаннан кейін де Қожамберді Дүйсенбаев ел игілігі жолындағы қызметін жалғастырып, Қызылорда облысының төтенше жағдайлар жүйесінде 18 жыл бойы кезекші болып абыроймен еңбек етті. Оның кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі әрдайым жоғары бағаланды.

Ардагер - қызметке адалдық пен отбасылық құндылықтарды берік ұстанудың жарқын үлгісі. Жұбайы Жәмила апамен бірге төрт баланы тәрбиелеп өсіріп, ұрпағына өнегелі тәрбие берді.

Қызмет жолында Қожамберді Дүйсенбаев "Мінсіз қызметі үшін" үш дәрежелі медальдарымен, "Еңбек ардагері", "Кеңестік милицияның 50 жылдығы", сондай-ақ "Қазақстан полициясының 20 және 25 жылдығы" мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру