Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктегі ПД-да пойыздардың шұғыл тежелуіне қатысты 554 дерек тіркелді

Көліктегі ПД-да пойыздардың шұғыл тежелуіне қатысты 554 дерек тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері көліктегі полиция департаменті пойыздардың шұғыл тежелуіне қатысты 554 оқиғаны тіркеді. Оның ішінде 401 жағдай теміржол бойына шыққан жануарларға байланысты орын алған. Атап айтқанда, теміржол көліктері 142 жылқыны, 69 ірі қараны, 30 ұсақ малды және басқа да жануарларды қағып кеткен.

Мұндай жағдайлар теміржол қозғалысының қауіпсіздігіне зор қатер төндіріп, адам мен жануар өміріне қауіп туғызады. Мәселен, жуырда Павлодар облысында электровоз жылқыны, ал Маңғыстау облысында жүк пойызы ірі қараны қағып кеткен. Алматы мен Түркістан облыстарында да теміржол бойында жайылып жүрген малмен соқтығысудың алдын алу мүмкін болды.

Аталған деректер бойынша көлік полицейлері жануар иелерін шұғыл анықтап, оларды теміржол аймағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Полиция мал иелерін тағы да ескертеді: теміржол бойында қараусыз мал қалдыру — бұл тек әкімшілік құқық бұзушылық қана емес, ол адамдардың өмірі мен пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Мұндай салғырттық орны толмас қайғыға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан ауыл тұрғындары мен мал иелері мал жаю тәртібін қатаң сақтап, жануарларын тәулік бойы бақылауда ұстауға міндетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру