Көліктегі ПД қызметкерлері қылмыспен күресудің жаңа әдістерін меңгеруде
Көліктегі ПД қызметкерлері қылмыспен күресудің жаңа әдістерін меңгеруде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылғы 19-22 мамыр аралығында көліктегі полиция департаменті Мақан Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясымен бірлесіп департаменттің желілік бөліністерінің криминалдық полиция қызметкерлеріне арналған семинар өткізді.
Іргелі басқосуда негізгі басымдық жедел цифрлық трансформация жағдайындағы көлікте жасалатын қылмыстарды ашу мен тергеудің заманауи әдіс-тәсілдеріне берілді. Оған көліктегі ПД-ның, ҚР Көлік министрлігінің, Алматы халықаралық әуежайының ұшу қауіпсіздігі департаментінің, сондай-аұ ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу департаменті мен Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері қатысты.
Семинар қылмыстарды ашу мен тергеудің озық әдістерін зерделеу және тәжірибе алмасу үшін маңызды алаңға айналды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – теміржол және әуе көліктерінде орын алған оқиғаларды ашу және тергеу, қылмыстардың цифрлық іздерін анықтау және оларды табу әдістерін меңгеру, киберқауіптер мен қылмыстық ортадағы криптовалютаның рөлін зерделеу, жедел қызметте аналитикалық платформалар мен нейрожелілерді қолдану, пилотсыз ұшу аппараттарымен жұмыс істеу, сондай-ақ көлік және ақпараттық салалардағы қылмыстарға қылмыстық-құқықтық баға беру болып саналады.
Семинардың практикалық бөлімінде қатысушылар цифрлық деректерді талдау, дрондарды басқару және аналитикалық жүйелермен жұмыс істеу дағдыларын меңгерді. Бұл өз кезегінде жергілікті өңірлердегі жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Пікірталас барысында қатысушылар қарастырылған мәселелердің елдегі құқықтық тәртіпті нығайтудағы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамды қылмыстан арылту жолындағы маңыздылығын атап өтті.
- Бүгінгі қылмыс барған сайын жоғары технологияға айналуда. Жаңа қауіптермен сәтті күресу үшін полиция қызметкерлері қылмыскерлерден озып, цифрлық құралдарды пайдалану арқылы бір қадам алда болулары тиіс. Мұндай оқыту семинарлары тек біліктілікті арттыру үшін ғана емес, сонымен бірге бұл – азаматтардың қауіпсіздігі мен елдің көлік инфрақұрылымының тұрақтылығына салынған инвестиция, - деді көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
Іс-шараның қорытындысы бойынша ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар саласындағы қылмыстармен күресуге бағытталған ішкі істер органдарының жұмыс тиімділігін арттыруға арналған бірқатар практикалық ұсыныстар әзірленді. Бұған қоса, барлық қатысушыға сертификаттар табысталды. Алынған білім мен дағдылар жаңа цифрлық шындық жағдайында қылмыстарды тиімді анықтап, оларды болдырмау үшін күнделікті жұмыста белсенді түрде қолданылмақ.