Көліктегі полиция департаменті профилактикалық жұмыстар нәтижесінде құқық бұзушылықтардың жолын кесті
Көліктегі полиция департаменті профилактикалық жұмыстар нәтижесінде құқық бұзушылықтардың жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоршаған ортаға құрметсіздік таныту, қоғамдық орындарды ластау, алкогольдік ішімдік ішу және өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында көліктегі полиция департаменті мен оның желілік бөліністерінің қызметкерлері тұрақты негізде профилактикалық іс-шаралар жүргізіп келеді.
Полицейлердің бақылауы теміржол вокзалдары мен әуежай аумақтарында, сондай-ақ жолаушылар пойыздарында олардың келуі, кетуі және жол жүруі кезінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар вокзал маңында заңсыз жолаушы тасымалына, пәтерді жалға беруге, қаңғыбастық пен қайыр сұраушылыққа тосқауыл қою жұмыстары атқарылады.
Осы жылдың басынан бері көлік полицейлері әртүрлі құқық бұзушылық жасаған 63 083 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Олардың ішінде:
теміржол жолдарын белгіленбеген жерден кесіп өткендер – 32 311 адам;
қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде жүргендер – 4 813 адам;
белгіленбеген жерде сауда жасағандар – 1 991 адам;
шылым шегуге тыйымды бұзғандар – 2 190 адам;
ұсақ бұзақылық жасағандар – 529 адам;
қоғамдық орындарды ластағандар – 6 417 адам.
Көбіне ұсақ бұзақылық жасағандарға әкімшілік қамау түріндегі жаза қолданылады.
Заң мен тәртіп қағидаты – мемлекеттегі тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігінің басты кепілі. Көліктегі полиция департаменті қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жалғастыра береді.