Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктегі полиция департаментінде 30-дан аса полицейлер династиясының өкілдері қызмет атқарады

Көліктегі ПД-де 30-дан аса полицейлер династиясының өкілдері қызмет өткеруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

23 маусым – Қазақстан полициясы күні мерекесіне орай, ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Астана қаласы теміржол вокзалының 1-ші қабатында “Полицейлер династиясы тақырыбында фотокөрме ұйымдастырды. Көрмені тамашалаушы азаматтар мен жолаушылардың назарына 70-ке жуық фотосуреттер қойылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жұртшылықты династиялардың тағылымды тарихымен таныстыра отырып, полицейлер еңбегінің маңыздылығын көрсету. Сондай-ақ жарқын мысалдар арқылы жастардың осы мамандыққа деген қызығушылығын арттыру.

Полицейлер династиясы дегеніміз – бұл қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сапында жүрген отбасылар. Олар Отанға қызмет етуді өз отбасында ұрпақтан ұрпаққа беруді дәстүрге айналдырған. Қазіргі уақытта Көліктегі ПД-і мен оның желілік бөліністерінде отбасының, ең кем дегенде екі мүшесі сақшы болып қызмет ететін 30-дан аса шаңырақ бар.

Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Данияр Аитов отбасылық әулеттер өз балаларын адал еңбек пен таңдаған мамандықтарына беріктікке тәрбиелейтін аға буынның күш-жігерінің арқасында пайда болатынын айтады.

Ішкі істер органдарында екі, үш немесе одан да көп ұрпақ қызмет ететін отбасыларда патриотизм, ар-намыс сияқты ұғымдар жай сөз емес. Бұл династияларда қызметке деген құрмет, парызға адалдық, мамандықтың беделі бала кезінен-ақ қалыптасады. Мұнда атадан әкеге, әкеден ұлға жоғары адамгершілік құндылықтар, өзгелер үшін өзін құрбан ету қабілеті беріледі. Сондықтан дәл бүгінгі күні осы сабақтастықты сақтау және көбейту бұрынғыдан да маңызды болып отыр, – дейді полицей.

Оның айтуынша бүгінде Көліктегі ПД және оның желілік бөліністерінде бүкіл саналы ғұмырын еліміздің ішкі істер органдарында қызмет етуге арнаған ардагерлердің балалары мен немерелері қызмет ететін 30-дан астам отбасы бар. Мысалы, Магомедовтар отбасында төрт ұрпақ өкілдерінің ішкі істер органдарындағы жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асты. 

Ал Әбіләкімовтер отбасында төрт ағайынды өз өмірлерін полицияға арнаған. Жауапты қызметке деген құрмет ағайындылар үшін жылдар бойы ортақ басымдыққа айналды. Бүгінде олардың бірі Үштөбе станциясындағы желілік бөліністе жұмыс істейді.

Федуновтар отбасындағы егіздер – Владимир мен Никита Федуновтар да әкелерінің ізін басқан сақшылар. Олардың әкесі Алексей Валерьевич полиция мамандығына 25 жылын арнаған азамат. Федуновтар ІІО-да қызмет етуді, қызметтің жауапкершілігін, қиындықтары мен қауіптілігін жан-тәндерімен сезініп өсті. Десек те, алға қойған мақсаттарына жету жолында табандылық танытып жүр. Бүгінде ағайынды жігіттер Орал станциясындағы желілік полиция бөлімінің белді әрі беделді қызметкерлері.

Департаменттің жеке құрамы арасында ерен ерлік көрсеткен батырлардың да балалары бар. 1992 жылы Қызылорда станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің анықтаушысы Мұратбек Өмірбеков қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты. Арнайы операция барысында Мұратбек Өмірбеков аса қауіпті екі қылмыскерді залалсыздандырғанымен, қатты жарақат алып, көз жұмды. Полицей М. Өмірбеков қайтыс болғаннан кейін 2-дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды. Артында екі ұлы қалды. Олардың үлкені Ринат Өмірбеков Қызылорда облысы Шиелі станциасындағы желілік полиция бөлімінде қатардағы қызметкер.

Династиялардың ішінде ішкі істер саласында қызмет атқара жүріп отбасын құрғандар да жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі – Үсен Тастанов пен Гүлсара Бексұлтанованың отбасы. Қазір олар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау сапында қызмет өткеріп жүр, әрі тұлымды қыз тәрбиелеп отырған бақытты жандар. Үсен Тастанов – Көліктегі ПД-і тергеу басқармасының бастығы болса, Гүлсара Бексұлтанова құжаттамалық қамтмасыз ету бөлімінің тізгінін қолына алған.

Гүлсара – әке жолын жалғастырушы. Әкесі Ыбырайхан Бексұлтанұлы ішкі істер органдарында 30 жылдан аса уақыт үздік еңбек етіп, Ақтөбе станциясындағы Ішкі істер полиция бөлімінің бастығы болып зейнеткерлікке шықты. ІІО-ның құрметті зейнеткері. Бұл отбасындағы полицейлер династиясын – нағыз ұрпақтар сабақтастығы деуге болады. 

Көлік полицейлері жоғарыда айтылған барлық әулеттердің өкілдерін тәжірибелі, білімді-білікті, әрі өз ісіне шын берілген алдыңғы толқынның заңды жалғасы ретінде қадірлеп, құрмет тұтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру