Көліктегі полиция департаментінде семинар-кеңес өтті
Көліктегі ПД-да тергеу жөніндегі бастықтардың орынбасарларымен семинар-кеңес өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінде тергеу қызметінің тиімділігі мен заңдылығын арттыру мақсатында желілік бөліністердің тергеу жөніндегі бастықтарының орынбасарларының қатысуымен кеңейтілген семинар-кеңес өтті.
Күн тәртібінде 2025 жылдың алғашқы төрт айындағы тергеу жұмыстарының жай-күйіне талдау жасалды. Әуе және теміржол көлігі оқиғаларына қатысты қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын ұйымдастырудағы түйткілді сұрақтар қаралды. Сонымен қатар қылмыстық істерді тергеу барысында әділеттілік пен заңдылық принциптерін сақтау мәселесіне баса назар аударылды.
Жиыналғандардың алдында сөз сөйлеген Көліктегі ПД бастығы Айдос Рысбаев Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың ішкі істер органдарына жүктеген басым міндеттеріне тоқталды. Ол Заң мен Тәртіп қағидасын жүзеге асыруды қамтамасыз ету – тәртіп сақшыларының басты міндеті екенін нықтап айтты.
— Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әділеттілікті қамтамасыз ету және заңды бұлжытпай сақтау – әрбір тергеушінің жұмысындағы басты қағидалар болуы тиіс. Заңның қатаң сақталуы мен құқық бұзушылардың жазасыз қалмауы - халықтың ішкі істер органдарына деген сенімін арттырады, – деді полиция генерал-майоры. Ол полиция қызметкерлеріне таңдаған мамандықтарына деген адалдықтары үшін алғыс білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Басқосу барысында Көліктегі ПД бастығы тергеу бағыты бойынша үздік деп танылған желілік полиция бөліністерін марапаттады. Астана және Алматы әуежайларындағы, сондай-ақ Шымкент станциясындағы ЖПБ-нің жұмыстары жоғары бағаланды.
— Біз үшін мұндай марапаттар – алдағы уақытта да қызметте жақсы нәтижелерге қол жеткізуге серпін береді. Сонымен қатар, басшылық тарапынан көрсетілген бұл қолдау бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді Астана әуежайындағы ЖПБ бастығының орынбасары Асқар Жұмабеков.
Полиция подполковнигі ішкі істер органдарында 17 жылдан бері қызмет атқарып етіп келеді.
Жиын барысында бірқатар желілік бөліністердің орынбасарларының есептері тыңдалып, тергеу қызметіндегі оң көрсеткіштер мен кейбір проблемалық мәселелер жан-жақты қаралды.
Семинар аясында тәжірибелік сабақтар, атап айтқанда, резонансты қылмыстық істерді талдау және аумақтық бөліністер арасында тәжірибе алмасу өтті. Бұған қоса, жас тергеушілерді бейімдеу және тәлімгерлік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар ІІМ ғимаратында болып, криминалистикалық департаменттің тергеу жұмыстарына қолданылатын озық технологияларымен танысты.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар мұндай семинар-кеңестердің тұрақты өткізілуіне қызығушылық білдіріп, бұл кездесулердің кәсібилікті нығайтуға, тергеу ісінде бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға және құқық қорғау органдарында құқықтық мәдениетті арттыруға септігін тигізетінін айтты.