Көліктегі полиция департаментінде жедел кеңес өтті
Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың төрағалығымен жедел кеңес өтті. Оған желілік бөліністер бастықтарының бірінші орынбасарлары мен департамент аппаратының жедел қызмет басшылары қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кеңестің негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейту, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және қылмысқа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру.

Жиын барысында көліктегі полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Ерлан Әлімов 2025 жылғы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары мен биылғы жылдың есепті кезеңіндегі нәтижелері туралы баяндама жасады. Ол қол жеткізілген оң көрсеткіштермен қатар анықталған кемшіліктерге тоқталып, алдағы кезеңдегі негізгі басым бағыттарды айқындап берді.
Сондай-ақ кеңес барысында бірқатар желілік бөліністер бастықтарының бірінші орынбасарлары есеп беріп, қызметтік бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді баяндады.
Кеңеске қатысушыларға ішкі істер органдарының алдына қойылған жаңа міндеттер жеткізіліп, қызмет көрсету аумақтарында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және жедел ахуалға тұрақты бақылау жүргізу мәселелері жан-жақты талқыланды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және "Заң және Тәртіп" қағидаты негізінде құқықтық тәртіпті нығайтуға ерекше назар аударылды.

Айта кету керек, биыл "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" болып жарияланған. Осыған байланысты цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын кеңінен енгізу арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметін қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің жаңа деңгейіне көтеру міндеті қойылып отыр. Сонымен қатар биылғы жыл балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жылы ретінде айқындалып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігі ерекше атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша желілік бөліністер бастықтарының бірінші орынбасарларына құқық бұзушылықтың әрбір фактісіне мұқият назар аударып, оларды дер кезінде анықтау мен толық ашуды қамтамасыз ету, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдау міндеті жүктелді.
Жиынды қорытындылаған Мадияр Айтуғанов қызмет тиімділігін арттыру, жедел әрекет ету деңгейін күшейту және анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, әуе және теміржол көлігі нысандарында қылмысқа қарсы іс-қимылды күшейту және жедел ахуалға тұрақты бақылау жүргізу бағытында кешенді міндеттер қойды.
