"Көліктегі қауіпсіздік" ЖПІШ: полицейлер 1200-ден астам құқық бұзушылықты анықтады
Көлік полицейлері "Көліктегі қауіпсіздік" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23-26 қаңтары аралығында көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында "Көліктегі қауіпсіздік" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Көліктегі ПД қызметкерлерінің айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – қылмыстардың, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ теміржол көлігі объектілерінде жазатайым оқиғаларды болдырмау.
Өткізілген шараның төрт күнінде 1260 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде:
•634 жағдай – белгіленбеген жерлерден темір жолды кесіп өту;
•188 жағдай – ортақ пайдалану орындарын ластау;
•111 жағдай – алкогольге қарсы заңнама талаптарын бұзу;
•56 адам – белгіленбеген жерлерде сауда жасау және басқа құқық бұзушылықтар.
Көлік полицейлері пойыздарды аралап, тексеру кезінде жолаушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, сапарда жүрген кездерде жиі жоғалатын әмиян, телефон, планшет сынды бағалы заттарды бақылаусыз қалдырмауға кеңес берді. Ал оқу орындарында көлік объектілерінде жүріп-тұру ережелерін сақтау бойынша дәріс оқып, әуе және теміржол ұйымдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізді.
- Біздің міндетіміз – кез келген азамат, мейлі ол жолаушы болсын, көлік ұйымдарында жұмысшы болсын, оларға қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету. Кез келген қылмысқа тосқауыл қоя отырып, қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайту, - деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Тәртіп сақшылары барлық жолаушыға қауіптілігі жоғары аймақтарда жүріп-тұру ережелері туралы буклеттер мен жадынамалар таратты.
Естеріңізге сала кетейік, әр адамның азаматтық ұстанымына беріктігі мен жеке қырағылығы, яғни полицияға құқық бұзушылықтар туралы дер кезінде хабарлауы (102) жол жүру кезіндегі келеңсіздіктерді болдырмауға мүмкіндік береді.