Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктен бірнеше жәшік жеміс қолды болды

Түркістан облысының полицейлері көлік ішінен жеміс ұрлаған күдіктіні “ізін суытпай” ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Оның айтуынша түнгі 03:00 шамасында көкөніс базардан көтерме бағамен жеміс-жидектер алып шыққан “Газель” маркалы көлігінен белгісіз адам құны 250 мың теңге болатын 12 жәшік анар, алты жәшік жүзім, сегіз жәшік құрмасын ұрлаған. Оқиға орнына бірден аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері келді. Жедел уәкілдер базар аумағын және жақын көшелер мен аулаларды, сондай-ақ ұрының жасырыну мүмкін жерлердің барлығын қарап шықты.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сарыағаш АПБ-нің полицейлері “ізін суытпай” таңғы уақытта ұрланған жемістерді сатып отырған күдіктіні ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Анықталғандай, күдікті көшеде ешкімнің жоқтығын пайдаланып, жүріп бара жатқан көлікке асылып, артқы есігін ашып, жәшіктегі жемістерді шығарып алады. Содан оларды сатып, ақшасын бас пайдасына жұмсамақ болған. Өз кінәсін толықтай мойындады.

Тергеу барысында тәртіп сақшылары күдіктінің тағы бір ұрлық қылмысына қатыстылығын анықтады. Яғни күдікті бұл жолы аудандағы кафелердің бірінен ыдыс-аяқтар мен су насосын ұрлап, жәбірленушіге 300 мың теңгедей шығын келтірген. Ұсталған адамнан айғақты зат ретінде ұрланған заттар алынып, заңды иелеріне қайтарылды.

Қазіргі уақытта аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз мал-мүліктеріне қырағы болуды және қараусыз қалдырмауды ұсынады. Бағалы заттар мен ақша ұрланған немесе жоғалған жағдайда дереу полицияға “102” телефоны арқылы хабарласқаныңыз жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру