Көліктеріне арнайы дыбыс және жарық беру құрылғыларын заңсыз орнатқан маңғыстаулықтар жауапқа тартылды
Маңғыстау облысында арнайы шұғыл қызметтердің дыбыс және жарық беру құрылғыларын жеке көліктеріне заңсыз орнатқан жүргізушілер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылғы 25 наурыз күні сағат 21:10 шамасында Ақтау қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны қызметкерлері 26-шағын аудандағы 6-үйдің алдында көлігіне қызыл түсті жарығы бар жарық аспаптарын және арнайы дыбыс беруге арналған құрылғы орнатқан жүргізушілерді анықтады.
Келінді үйге «есте қаларлықтай» етіп алып келу мақсатында «Toyota Land Cruiser Prado” автокөліктерінің біріне жарық аспабы (стробоскоп) орнатылса, енді бірі жарық аспабына қосымша арнайы дыбыстық құрылғы орнатқан.
Полицейлер жүргізушілерге бұл әрекеттерінің заңсыз екендігін түсіндірді, өз кезегінде автокөлік иелері өз қателіктерін мойындап, кешірім сұрап, алдағы уақытта мұндай әкімшілік құқық бұзушылықтарды қайталамауға уәде берді.
Автокөлік иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 603-бабының 1, 2-бөліктерімен (Көлiк құралына арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу не жедел және арнайы қызметтер автомобильдерiнiң арнайы түстi-графикалық схемаларын заңсыз жазу) әкімшілік хаттамалар толтырылып, автокөліктер айыппұл тұрағына қойылды.