Көлікті есірткіге масаң күйде басқарған өскемендік ұсталды
Көлік жүргізу құқығынан айырылған өскемендік көлікті есірткіге масаң күйде басқарған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамыр айының басында Өскемен қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Бажов көшесін патрульдеу кезінде облыс орталығының 37 жастағы тұрғынының басқаруындағы ВАЗ көлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде ер адамның өзін ұстауы полицейлерге күдік ұялатты.
Сараптамадан өту үшін жеткізілген жүргізуші каннабиоидтарды қолданудан туындаған мас күйінде екенін көрсетті. Сондай-ақ, ер адам 2020 жылы жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылса да, қайта көлік құралын басқарғаны белгілі болды. Ұсталған өскемендік уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) сотқа дейінгі тергеу басталды.
Осы баптың санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.