Алматы облысында колонияға тыйым салынған заттарды кіргізбек болған күдікті анықталды
Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаментінің №57 мекемесі аумағына тыйым салынған заттарды кіргізу әрекетінің жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 14 мамыр күні мекеменің бақылау-өткізу бекетінде болған.
Қызметкерлер колония аумағына кірген жүк көлігін тексеру барысында күдік тудырған қара түсті пакетті анықтады. Тексеру нәтижесінде оның ішінен 16 ойын картасы, "сувенирлік өнім" деген жазуы бар 200 дана долларлық купюра, иісі жоқ белгісіз ақ ұнтақ құйылған 25 мл көлеміндегі құты және өзге де тыйым салынған заттар табылды. Құтыдағы ұнтаққа қатысты сот-химиялық сараптама тағайындалды.
Тексеру барысында анықталғандай, жүк көлігінің жүргізушісі бұл буманы Алматы облысының тұрғынынан алғанын айтқан. Аталған оқиға бойынша жедел-тергеу тобы шақырылып, тиісті шаралар қабылданды.
№57 мекеме бастығы Ұлан Арғынбаевтың айтуынша, қызметкерлер барлық әрекетті қолданыстағы нұсқаулықтарға сәйкес жедел әрі қатаң түрде атқарған.