Колониядағы балалар «Ата заңым – айбарым» атты іс-шара өткізді
Алматы қаласының ҚАЖ департаментіне қарасты ЛА-155/6 түзеу мекемесіндегі кәмелетке толмаған сотталған балалар арасында Конституцияның 25 жылдығына арналған «Ата заңым – айбарым» атты онлайн іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жазасын өтеуші жеткіншектердің қатысуымен өткізілген іс-шараға Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің қызметкері Қарагөз Исаханқызы мен оқырмандар залы бөлімінің қызметкері Сымбат Лесбек белсене ат салысты.
Бұл мәдени шараның мақсаты жазалы жасөспірімдерді еліміздің Ата заңының артықшылықтарымен таныстыру, адамдардың заң алдындағы жауапкершілігін талқылау, сондай-ақ әртүрлі ауыр қылмыс жасаған балалардың алдағы уақытта өз тағдырларына деген жауапкершілігін арттыру болып табылады. Конституция туралы баяндама жасаған Қарагөз Исаханқызы жасөспірімдерді Ата заңымыздың ширек ғасырлық тарихымен таныстырса, балалар Сымбат Лесбек дайындаған слайдтан Қазақстан Республикасының Конституциясымен бекітілген адам құқығы мен бостандығы туралы, одан заңсыз айыруға ешкімнің хақысы жоқ екені жайлы қағидаларға тағы бір қанықты. Кеш барысында сотталған балалар да Ата заңға арнап өздері шығарған өлеңдерін оқып, онлайн шараға қатысушылардың ризашылығына бөленді.
Сотталғандар арасындағы Әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Алма Бәзілбаева кітапхана қызметкерлеріне мекеменің атынан алғыс білдірді.