Колонияға тыйым салынған заттарды кіргізбек болған 79 адам жазаланады
Колонияға тыйым салынған заттарды кіргізбек болған 79 адам жазаланады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталғандардың туыстары мен таныстары тыйым салынған заттарды пенитенциарлық мекемелерге жеткізуге тырысып, заңды белден басуды жалғастыруда. Мұндай әрекеттер қылмыстық-атқару жүйесіндегі қауіпсіздікке зор қатер төндіріп, тәртіпті бұзуға ықпал етеді.
2025 жылдың алғашқы үш айында мекемелерге тыйым салынған заттарды өткізбек болғандардың айласы әшкереленді. Атап айтқанда:
136 ұялы телефон тәркіленді,
7,6 кг есірткі заты анықталды,
40,6 литр алкоголь заңсыз әкелінбек болды,
393 590 теңге көлемінде ақша айналымға түспей ұсталды.
ҚАЖД қызметкерлері түрме аумақтарында бақылау жұмыстарын күшейтіп, күдікті аймақтарды патрульдеуді жандандырды. Нәтижесінде тыйым салынған заттарды өткізуге әрекеттенген 79 адам ұсталды. Олардың 31-і әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 11 адамға қатысты есірткі құралдарын заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сақтау және тасымалдау бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Тыйым салынған заттарды жеткізу тәсілдері де күрделеніп келеді. Жуырда Атырау қаласындағы колонияға заңсыз жүкті жеткізу үшін дрон қолдану дерегі тіркелді. Бұл жағдай қылмыстық-атқару жүйесіндегі қауіпсіздікке жаңа технологиялардың да қауіп төндіріп отырғанын айғақтайды. Ұлттық ұлан мен полиция департаментімен бірлескен жедел шаралар барысында 26 құқық бұзушы ұсталды.
Сотталғандар мұндай заңсыз әрекеттерді жүзеге асыру үшін жақындары мен таныстарын ғана емес, кейде қорғаушылар мен адвокаттарды да тартатыны белгілі. Жақында Астана қаласындағы пенитенциарлық мекемелердің бірінде ерекше оқиға тіркелді. Жұбайымен ұзақ мерзімді кездесуге келген әйел 200 грамм есірткіні мүшеқапқа салып, іш киіміне жасырған. Тыйым салынған зат медицина қызметкерінің көмегімен ғана алынып, сараптамаға жіберілді.
Қылмыстық-атқару мекемелеріндегі тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды қадамы – жаппай бейнебақылау жүйесінің енгізілуі. Бұл жаңашылдық мекемелердегі жағдайды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік беріп, қызметкерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетуде. Камералар колония аумағында ғана емес, оған іргелес аумақтарда да орнатылып, күдікті әрекеттерді жедел анықтауға жол ашады.
Бейнебақылау жүйесі арқылы тыйым салынған заттарды лақтыру сияқты заңсыз әрекеттердің алдын алу, кінәлілерді жауапкершілікке тарту және құқық бұзушылықтарды тергеу барысында дәлелдемелерді жинау мүмкіндігі арта түсті.
Қылмыстық-атқару жүйесіндегі қауіпсіздікті нығайту – қоғам тыныштығы мен құқықтық тәртіпті сақтаудың маңызды кепілі.