Конституция күні мерекесіне орай 120 көлік полицейі марапатталды
Конституция күні мерекесіне орай 120 көлік полицейі марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған департамент басшылығы, жеке құрамы мен ішкі істер органдарының бір топ ардагерлері қатысты.
Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасының Гимнін орындаудан басталды. Департамент бастығы Бақытжан Малыбаев жиналғандарды мемлекетіміздің берік құқықтық негізі, заң үстемдігі мен адам құқықтарының кепілі саналатын Конституция күнімен құттықтап, оларға зор денсаулық, Отанымыздың қауіпсіздігі мен игілігі жолындағы жауапты қызметтеріне табыстар тіледі.
– Ата Заңымызды ұлықтау, оның нормалары мен қағидаларын бұлжытпай орындау – әрбір азаматтың бұлтартпас парызы. Әсіресе, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету сапында жүрген полиция қызметкерлері Отан алдындағы жауапкершіліктің зор екендігін айрықша ұғынуы тиіс, – деді еліміздің бас көлік полицейі.
Бұдан соң ішкі істер органдарының ардагерлері де сөз сөйлеп, әріптестерін мерейлі мерекемен құттықтады.
Конституция күніне орай өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарғандары үшін Ішкі істер министрі мен көліктегі ПД бастығының бұйрықтарымен 120 көлік полицейі грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Сондай-ақ мерекелік іс-шара аясында департамент басшысы ішкі істер органдарының ардагерлері – Тұрар Әбішевті, Виктор Романюкті және Алмагүл Сахаринаны жас мамандарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, олардың батылдық пен патриоттық рухтағы тұлға болып қалыптасуларына қосқан зор үлестері үшін арнайы грамоталар табыс етті.
Іс-шара соңында қатысушылар департаменттің мұражайындағы экспозициялар мен тарихи фото-материалдарды тамашалады.