Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Конституция күні қарсаңында Ұлттық ұланның 220-дан астам әскери қызметшісі марапатталды

ҚР ІІМ Ұлттық ұланында салтанатты жиын өтті. Конституция күні қарсаңында 220-дан астам әскери қызметші марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының ғимаратында Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 29 жыл толуына арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға Бас қолбасшылықтың жеке құрамы, сондай-ақ құқықтық тәртіп әскерлерінің ардагерлері қатысты.

Салтанатты іс-шара үлгілі-көрсетілімді оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқаудан басталды. Еліміздің Ата Заңы жайлы бейнеролик көрсетілді. Бұдан әрі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов мерекелік баяндама жасады.

– Жыл сайын 30 тамызда бүкіл ел Конституция күнін, мемлекетіміздің Ата Заңы қабылданған күнді атап өтеді. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мемлекетіміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі бола отырып, елдің конституциялық құрылысын қорғайды. Әскеріміздің жеке құрамы орындайтын барлық қызметтік-жауынгерлік міндет азаматтардың мүдделерін сақтауға, қауіпсіздікті, заңдылықты қамтамасыз етуге, адам мен азаматтың бостандықтарына қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардың алдын алуға бағытталған. Біздің жауынгерлер өздеріне жүктелген міндеттерді лайықты орындайды. Бүгінде конституциялық қағидаттарды іске асырудағы негізгі факторлардың бірі патриотизм, әділдік, еңбекқорлық, ел алдындағы жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді өз бойымызға сіңіруден басталады, – деді Еркін Ботақанов.

Мерекелік жиында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрықтары бойынша қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген және қызметте үздік нәтижелерге қол жеткізген 220-дан астам әскери қызметші медальдармен, төсбелгілермен және грамоталармен марапатталды.

Мерекелік іс-шара ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің патриоттық тақырыпта дайындаған концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру