Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Конституциямен бірге кемелденген жас офицер

Қазақстан Республикасының Конституциясымен құрдас әділет аға лейтенанты Жандос Жахаев ҚАЖ саласында абыройлы қызмет атқарып, заңдылық пен әділдікті қорғауды өмірлік мұрат еткен азамат, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде тәрбие бөлімінің жасақ бастығы қызметін атқарып жүрген әділет аға лейтенанты Жандос Жахаев – өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары жас мамандардың бірі. Ол 1995 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Тартоғай ауылында дүниеге келген. Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 30 жыл толса, Жандос та – осы тарихи құжатпен құрдас.

Балалық шағынан құқық қорғау саласына қызығып өскен ол бүгінде қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жасақ бастығы ретінде абыройлы қызмет атқарып жүр. Жандостың міндеті тек жазасын өтеушілерді қадағалау ғана емес, олардың бойындағы жақсы қасиеттерін оятып, дұрыс бағытқа жетелеу. Әділет аға лейтенанты әр сотталғанның мінез-құлқын мұқият бақылап, тәрбие жұмыстарына ерекше мән береді: тәрбиелік дәрістер өткізіп, алдын алу шараларын ұйымдастырады.

Мамандық таңдауда әке жолын жалғаған Жандос бұл қызметті өзінің өмірлік миссиясы деп біледі. Оның айтуынша, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкері болу – зор жауапкершілік пен табандылықты талап ететін мәртебелі міндет.

– Мен Конституциямен құрдаспын. Заңдылықты сақтау – азаматтық парызым. Конституция – әділдік пен тәуелсіздіктің кепілі. Осы сеніммен антыма адал қызмет етіп келемін. Басты мақсатым – қоғамға пайда әкелу, елдің тыныштығына үлес қосу, – дейді әділет аға лейтенанты Жандос Жахаев.

Жауапкершілікті қызмет пен адал еңбекті өмірлік қағида еткен жас маманның болашағы да зор болары сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру