Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көрісу күні: Абай облысында батыр полицейдің отбасына құрмет көрсетілді

Абай облысы ПД-ның жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының идеологиялық бөлімінің қызметкерлері ұлттық дәстүрімізге айналған Көрісу күніне орай қызмет барысында қаза тапқан милиция лейтенанты Серік Байсалықовтың шаңырағына арнайы барып, оның отбасымен жүздесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл тағылымды кездесу ерлік пен адал қызметтің өнегесін ұлықтауға, батыр тұлғаның жарқын бейнесін жас ұрпаққа үлгі етуге бағытталды.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері марқұмның жұбайы Орынтай апаймен әңгімелесіп, оның отбасы мүшелерінің хал-жағдайын сұрап, құрмет пен ілтипаттарын білдірді. Жылы әрі әсерлі өткен жүздесу барысында Орынтай апай жұбайының өмір жолы мен қызметі туралы естеліктерімен бөлісіп, отбасылық мұрағатта сақталған фотосуреттерді көрсетті. Әрбір сурет пен естелік парағында ел тыныштығы үшін қызмет еткен азаматтың қайсарлығы мен жауапкершілігі, Отанына деген адалдығы айқын сезілді.

Сондай-ақ ол жұбайының қызметтік жылдары алған марапаттарын көрсетті. Солардың ішінде ерекше орын алатыны – ерлігі мен батылдығы үшін табысталған “Қызыл жұлдыз” ордені. Бұл марапат тек бір адамның емес, тұтас елдің қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек еткен азаматтың ерлігінің айғағы екені сөзсіз. Орынтай апай сол сәтте жұбайының батырлығын мақтанышпен еске алып, оның адал қызметі отбасы үшін ғана емес, барша қоғам үшін үлкен үлгі екенін ерекше атап өтті.

Әңгіме барысында ол балаларының да әке жолын жалғап келе жатқанын зор мақтанышпен айтты. Ұл-қызы әкелерінің ерлігі мен адалдығын әрдайым үлгі тұтып, оның есімін қадірлейтінін жеткізді. Орынтай апай олардың да болашақта елге адал қызмет етіп, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

Полиция қызметкерлері батырдың отбасының көрсеткен сабыры мен рухани беріктігіне алғыс айтып, Серік Байсалықовтың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Ел тыныштығы жолында жанын қиған азаматтардың есімі әрдайым құрметпен аталып, олардың ерлік жолы жас буынға үлгі болып қала беретіні сөзсіз.

Осындай тағылымды кездесулер – қызмет барысында қаза тапқан әріптестердің рухына тағзым етудің, олардың отбасыларына қолдау көрсетудің және адал қызметтің қадірін ұғындырудың маңызды көрінісі. Бұл – ерлікке құрмет, батырлыққа тағзым, ұрпаққа өнеге.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру