Көрші әйел терезеден кіріп, планшетті ұрлап кетті
Көршісінің планшетін ұрлаған күдіктіні қарағандылық полиция анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 қыркүйек күні Теміртау қалалық Полиция басқармасының Шығыс полиция бөліміне 50 жастағы азаматша хабарласып, өзінің саяжайында болған кезде белгісіз біреу қаладағы үйіне кіріп, құны 90 мың теңге тұратын планшетін ұрлап кеткендігі туралы арызданған.
Анықталғандай бұл ұрлық үй иесі түнгілік уақытта саяжайда болған кезде орын алған. Белгісіз біреулер үйдің пластикалық терезесін бұзып кіріп, қолына іліккен планшетті үптеп кеткен. Полиция қызметкерлері көршілерден жауап алу барысында ешкімнің қылмыс болған күні сол маңайда күдікті адамдарды көрмегені белгілі болды.
– Қылмыскердің ізіне түсетін дәлелдемелердің жеткіліксіз болуына қарамастан жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде полиция қызметкерлерімен осы іске қатысы бар деген күдікпен 42 жастағы азаматша анықталды. Оның жәбірленушімен көрші тұратыны белгілі болды. Ұсталған азаматша мойындау көрсетпе белгілерін беріп, планшет иесіне қайтарылды, – деді Қарағанды облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Ислам Мусин.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.