Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көршісінің атынан онлайн несие алған сайрамдық жігіт ұсталды

Түркістан облысының полицейлері көршісінің атынан онлайн несие алған жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, оның атынан белгісіз біреу жеке куәлігін пайдалана отырып, ғаламтор арқылы 35 мың теңге онлайн несие алған. Бүгінгі таңда ол қарызы 60 мың теңгеге көбейіп кеткен. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚК-нің 190-бабы яғни, (Алаяқтық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді.

Арызданушының арызына сәйкес, Сайрам ауданы полицейлері орын алған алаяқтық қылмысын анықтап, күдіктіні ұстау мақсатында қажетті іс-шараларды жүргізді. Нәтижесінде осы қылмысқа күдікті ретінде жәбірленушінің көршісі ұсталды.

Полицейлердің анықтауынша, күдікті өзінің жымысқы ойын іске асыру мақсатында жәбірленушіге «теледидарыңа ресейлік жаңа арналарды қосып беремін» деп, алдап, ол үшін өзі мен жеке куәлігін суретке түсіріп алу керектігін айтып, сендірген. Одан ары жәбірленушінің жеке деректерін пайдалану арқылы онлайн несиеге сұраныс тастап, мақұлдаудан өткен. Алынған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген.

Бас шарасы «келу туралы міндеттемеде». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өзіңізге қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеңіздер деп ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру