Көршісінің үйінен теледидар ұрлаған астаналық ұсталды
Астана қаласының тәртіп сақшылары жеке үйден плазмалық теледидар ұрлаған күдіктіні тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Байқоңыр ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 27 жастағы қала тұрғынын ұрлық қылмысына күдікті деп анықтады.
Көршілерінің қалада жоқтығын білген ер адам қылмыстық ниетті жүзеге асыруға шыққан. Түнде шабуылдаушы терезені сындырып, ішке кіріп кеткен. Сөйтіп үйден құны 190 мың теңге тұратын Fion теледидарын алып кеткен. Ол ұрланған заттарды өтіп бара жатқан адамға сатып жіберген.
Ер адам кінәсін мойындады, оның бұрын елордада жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Қазіргі уақытта ол полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарға мұқият әрі қырағы болуды ұсынады. Күзет дабылын орнату – үйіңізді заңсыз кіруден қорғаудың сенімді жолы екенін еске салады.