Көршісінің үйінен зат ұрлаған тұрғын жауапқа тартылуда
Қарағанды облысында белгісіз біреу қораның құлпын бұзып, ішінен жем тартатын аппаратты ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұқар-Жырау аудандық Полиция басқармасына қарасты Ғ.Мұстафин кенттік полиция бөліміне қызмет көрсететін ауылдардың бірінде белгісіз біреу қораның құлпын бұзып, ішінен жем тартатын аппаратты қолды қылғандығы туралы хабарлама түсті. 64 жастағы азаматша қолды болған затын 55 мың теңгеге бағалаған.
Аса ірі затты алысқа апара қоймайтынын сезген тәртіп сақшылары, ұрлық жасалған үйдің көршілеріне тексеріс жүргізу барысында 52 жастағы азаматтың үйінің ауласынан ұрланған затты тапты. Сонымен қатар, айғақ зат табылған үйге тексеріс барысында полиция қызметкерлері жәбірленушінің басқада заттарын тәркіледі. Күдікті бұған дейін де бөтеннің мүлкін тонау қылмысы үшін полицияның назарына ілініп, есепке алынғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, оған қатысты Қылмыстық Кодекстің 188-бабына сәйкес іс қозғалды.
Осы қылмыстық оқиғадан кейін екі күннен соң кенттік полиция бөліміне 63 жастағы көрші ауылдың тұрғыны хабарласып, белгісіз біреулер қорасынан дәнекер аппаратын, тоқ ара, темір кесетін ара мен префораторын алып кеткендігі туралы арызданған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 117 мың теңгені құраған.
Полицияның жедел әрекеттерінің арқасында бұрын сотты болған 28 жастағы жәбірленушінің көршісі ұсталды. Күдікті алғашында бұл іске қатысы жоқ екенін алға тартса, оның үйіне тексеріс жүргізу барысында ұрланған заттар табылды.
Жәбірленуші өз заттарын тез арада тауып берген тәртіп сақшыларына алғысын білдірді. Ал, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы бойынша іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде.