Көшеде тұрғындарды қорқытып, ұялы телефондарын тартып алған 2 жігіт анықталды
Түркістан облысының полицейлері тонау қылмысын жасаған екі жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау ҚПБ-на жергілікті екі тұрғын арызданған. Олардың айтуы бойынша, түнгі сағат 22:00-дер шамасында қала көшелерінің бірінде бір топ таныс жігіттер келіп қорқытқанын көрсеткен. Сонымен қатар жәбірленуші азаматтардың «Samsung А6» және «Samsung J2» ұялы телефондарын тартып алып, жалпы 100 мың теңгеден астам шығын келтірген. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Қылмысты ашу үшін полиция бөлімінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына шұғыл жетті. Полицейлер күдіктілерді ізін суытпай құрықтау мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Куәгерлерден сұрастырып, оқиға болған жердің жан-жағын аралап, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Полицейлердің жедел-іздестіру әрекетінің нәтижесінде, тәулік ішінде күдікті ретінде екі жігіт анықталып, ұсталды. Олардың бірі бұрын ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотты болған. Сондай-ақ қолды болған ұялы телефондар тәркіленіп алынып, заңды иелеріне табысталды. Қазіргі таңда күдікті азаматтар соттың шешімімен кепілмен босатылған.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға сақтық танытып, мүліктеріңізді, бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Сізді тонап немесе алдап кетсе полицияның «102» нөміріне қоңырау соғыңыз. Сондай-ақ, міндетті түрде күдіктінің түрін жаттап, есте сақтап қалуға тырысыңыз, бұл өз уақытында қылмыскердің ізіне түсіп, қылмысты жедел түрде ашуға көмектеседі.