Көшеде тұрғынға шабуыл жасап, ұялы телефонын тартып алған ер адам анықталды
Теміртаулық тәртіп сақшылары қала тұрғынына ұрланған ұялы телефонын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қыркүйек күні Теміртау қалалық Полиция басқармасының Шығыс полиция бөліміне 38 жастағы азамат хабарласып, Байсейтов көшесінің бойында оған белгісіз біреу шабуыл жасап, дене жарақаттарын келтіріп, ұялы телефонымен жеті мың теңге ақшасын алып кеткендігі туралы арызданған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 62 мың теңгені құраған.
Азамат полиция қызметкерлеріне өзіне қастандық жасаған азаматтың бет әлпетін суреттеп берген.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлерімен, бөтеннің мүлкін тонау бойынша құқық қорғау органында есепте тұрған 20 жастағы азаматты қолға түсірді.
Оны тексеру барысында қалтасынан жәбірленушінің ұялы телефоны анықталып, иесіне қайтарылды.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 191-бабы (Тонау) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.