Көшеде тұрғынның қол сөмкесін тартып алып кеткен
Қарағанды облысында тәулік ішінде патрульдік полиция полкі қызметкерлері екі қылмыспен 300 ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 маусым сағат 5.43 шамасында «102» телефонына қала тұрғыны хабарласып, белгісіз біреу Бұқар-Жырау даңғылындағы жер асты өткелінде ашық түрде ішінде ақша, құжат және банк картасы бар қол сөмкесін тартып әкеткендігі туралы арызданған.
Күдіктіні анықтау және ұстау мақсатында патрульдік полиция полкінің барлық нарядтарына бағыттама берілді.
– Оқиға болған жердегі бейнебақылау камераларын қарау барысында Жедел басқару орталығының инспекторымен қала көшелерінің бірінен күдіктіге ұқсас адам байқалған. Бірден сол жерге жақын маңдағы полиция наряды жіберіліп, автопатруль қызметкерлерімен күдікті ұсталды. Оның 20 жастағы қала тұрғыны екені белгілі болды. Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 191-бабы 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сондай-ақ, патрульдік полиция полкінің полицейлерімен «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Кирзавод ауданында 24-жастағы қала тұрғыны ұсталды. Оны тексеру барысында екі полимерлік пакетке оралған есірткіге ұқсас зат тәркіленіп алынды. Аталған факт сотқа дейнгі тергеп тексерудің біріңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық Кодексінің 296-бабы 2-тармағына сәйкес тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды, – деп хабарлады Қарағанды қалалық Полиция басқармасының бастығы Думан Қожахметов.
Айта кету керек, қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстың алдын алуға байланысты Қарағанды қалалық ПБ патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен 14 маусымнан бастап кешенді іс-шаралар өткізіліп жатыр. Үш күн ішінде полиция қызметкерлерімен 900 ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.