Көші-қон қызметі 200 тұрғынды құжаттандырды
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі мобильді халыққа қызмет көрсету орталығымен бірлесіп 200 тұрғынды құжаттандырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен кейін халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы 26 наурыздан бастап тоқтатылды және қазақстандықтар жеке басын куәландыратын құжаттарын (жеке куәлік, паспорт) уақтылы рәсімдей алмады.
Алайда, 11 мамырдағы Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес елде төтенше жағдай кезінде қолданылу мерзімі өткен жеке басты куәландыратын құжаттар күші жойылған күннен бастап күнтізбелік 60 күн бойы жарамды болып саналады, яғни, қолданылу мерзімі 10 шілдеге дейін
ұзартылды.
Бұл дегеніміз, қазақстандықтар қызмет, зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақылар және басқа да төлемдерді алу үшін мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарға қолданылу мерзімі өткен құжаттармен (жаңасын алғанша) жүгіне алады.
Қазіргі таңда халықты құжаттандыру мәселелері бойынша Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі және зейнеткерлерді, көп балалы аналарды, мүгедектерді құжаттандыру үшін арнайы тұрғылықты жері бойынша үйлеріне баратын мобильді ХҚКО-ның жұмысы ұйымдастырылды.
Аудан орталықтарында тұрғындар үшін әрбір елді мекен немесе ауылдық округ бойынша құжаттандыру кестесіне сәйкес қабылдау күндері белгіленген.
Жеке басты куәландыратын мерзімі өткен құжаттарды ауыстыру 10 шілдеге дейін ешқандай әкімшілік шарасыз жүзеге асырылады.
Бүгінгі күнге мобильді ХҚКО-мен және облыстық Полиция департаменті Көші-қон қызметімен 200-ден астам облыс тұрғыны құжаттандырылды.