Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көші-қон қызметі саласындағы полиция қызметкерінің бір күні

Әйел – шаңырақтың шырайын келтірген аяулы ана болса, қызметте – заң мен тәртіптің мызғымас тірегі. Осындай қос жауапкершілікті абыроймен қатар алып жүрген жандардың бірі – Семей қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің аға инспекторы Асем Токруова. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Полиция майорының әр күні таңғы салтанатты саптық жиыннан басталады. Бұл – тек күн тәртібін пысықтау ғана емес, тәртіп пен ұйымшылдықтың айқын көрінісі. Жиын барысында бөлімнің алдағы міндеттері айқындалып, көші-қон саласындағы өзекті мәселелер талқыланады. Заңнамадағы өзгерістер мен жаңашылдықтар назарға алынып, әр қызметкерге нақты тапсырмалар жүктеледі.

Жұмыс кабинетіне келген сәттен бастап аға инспектордың қарбалас қызметі басталады. Азаматтарды қабылдау – оның күнделікті жұмысының маңызды бөлігі. Құжаттарды рәсімдеу, жеке басты куәландыратын құжаттар бойынша кеңес беру, уақытша және тұрақты тіркеу мәселелерін заң талаптарына сәйкес шешу – жоғары кәсібилік пен мұқияттылықты талап ететін жауапты міндет. Әрбір өтініштің артында адам тағдыры мен сенімі тұрғандықтан, ол әр құжатты жіті тексеріп, азаматтарға нақты әрі түсінікті түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Көші-қон қызметі – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды сала. Асем Мықтыбекқызы қызмет барысында тек құжат рәсімдеуші маман ғана емес, сонымен қатар құқықтық кеңесші, бағыт-бағдар беруші, кейде психологиялық қолдау көрсететін жан ретінде де танылып келеді. Әсіресе, шетел азаматтары мен алғаш рет құжат рәсімдеп отырған тұрғындар үшін оның сабырлы әрі байыпты түсіндіруі үлкен көмек.

Сонымен қатар, халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу де оның қызметінің маңызды бағыты. Ол азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін, көші-қон заңнамасының талаптарын, сондай-ақ алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдарын жан-жақты түсіндіреді. Құқықтық сауаттылықты арттыру – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі.

Түстен кейінгі уақытта қызметтік құжаттармен жұмыс жалғасады. Есептер дайындау, талдау жүргізу, статистикалық мәліметтерді жинақтау, тиісті органдармен хат алмасу – мұның бәрі ұқыптылық пен жүйелілікті талап етеді. Әрбір құжат белгіленген талаптарға сай рәсімделіп, уақытылы орындалуы тиіс. Бұл – қызметкердің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің көрсеткіші.

Күн соңында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер нақтыланады. Қызмет нәтижелері сараланып, келесі күннің жоспары белгіленеді. Бұл – үздіксіз қозғалыс пен дамуды талап ететін жауапты қызметтің ажырамас бөлігі.

Осындай тәртіп сақшыларының адал еңбегі – қоғамдағы тұрақтылық пен заңдылықтың кепілі.  Асем Мықтыбекқызы сынды өз ісіне берілген мамандардың арқасында азаматтардың құқықтары қорғалып, қоғамдық тәртіп қамтамасыз етіледі.

Кешкілік үйге оралу – оның ең асыға күтетін сәті. Қызметтік формасын шешкенімен, аналық жауапкершілігі жалғасады. Енді ол – баласының сабағын тексеріп, ертегі айтып беретін, оның армандары мен ойларын тыңдайтын аяулы ана. Күні бойы заң талаптарын түсіндірген жан, кешке баласына өмірдің ең асыл құндылықтарын – адалдықты, еңбекқорлықты және үлкенге құрметті үйретеді.

Отбасындағы тәрбие мен қызметтегі ұстаным өзара үйлесім тапқан. Үйдегі жылылық пен қолдау оның қызметіндегі сабырлылық пен табандылыққа күш береді. Себебі мықты қызметкердің артында – берік отбасы, ал берік отбасының тірегі – мейірімді ана мен адал қызметкер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру