"Kostanay Music Fest – 2025" фестивалі: полиция азаматтармен профилактикалық жұмыс жүргізді
Қостанай қаласының орталық стадионында "Kostanay Music Fest – 2025" музыкалық фестивалі өтті. Шараға ондаған мың көрермен жиналды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарды. Фестиваль басталар алдында полиция басшылығы жеке құрамды сапқа тұрғызып, қоғамдық тәртіпті сақтау және қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Фестиваль барысында полицейлер қызметтік міндеттерін орындап қана қоймай, халықпен профилактикалық жұмыстар да жүргізді. Азаматтарға қаржылық қаражаттарын сақтаудың маңыздылығы ескертіліп, ақпараттық буклеттер таратылды. Ерекше назар нашақорлықтың алдын алуға және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға аударылды.
Полиция қызметкерлерінің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының арқасында фестиваль тыныш әрі қауіпсіз жағдайда өтті.